Алматинский государственный колледж технологий и флористики

2020 жылғы 27 мамырда Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысы өтті.

2019 жылдың 17 шілдесінде Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабы 20 тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің ережесі және құрамы бекітілді. Ережеге сәйкес,Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіҚазақстан Республикасының Президенті жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады. Негізгі мақсаты жұртшылықтың, саяси партиялардың, азаматтық қоғамның өкілдерімен кеңінен талқылау негізінде мемлекеттік саясаттың өзекті мәселелері бойынша ұсыныстар мен ұсынымдарын тұжырымдау.Ұлттық кеңес өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентінің актілерін, өзге де нормативтік құқықтық актілер мен ережелерді  басшылыққа ала отыра қызмет атқарады.

Бүгінгі күнге дейін, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үш отырысы ұйымдастырылып, алғашқы отырысы 2019 жылдың 06 қыркүйегінде, ал екінші отырысы 2019 жылдың 20 желтоқсанында өткізілген болатын. Кеше, дәлірек айтқанда 2020 жылдың 27 мамырында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен  Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысы өтті. «Ел тарихында алғаш рет жарияланған төтенше жағдайдың аяқталғанына қарамастан, біршама шектеулер әлі де күшінде. Осы орайда Ұлттық кеңестің үшінші отырысын онлайн форматта өткізіп отырмыз», - деп сөз бастады,- Кошанов Ерлан Жаканович. Жиынға Қазақстан Республикасы Президенті, Ұлттық кеңестің төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев, Үкімет және Ұлттық кеңестің мүшелері қатысты. Жалпы отырысқа қатысушылар 11  мекеменден қатысты. Атап айтқанда, Ақ орда резиденциясы, Парламент мәжілісі, Ақпарат және қоғамдық даму, Білім және ғылым, Денсаулық сақтау министрліктерінің Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары, Қарағанды, Маңғыстау облыстары әкімдіктерінің ғимараттары.

Ұлттық кеңестің ережесінде тақырыптық отырыстар өткізу қарастырылғанын айта келе, жиында адами капиталдарды дамыту оның ішінде білім беру саласына аса мән беріліп соған қатысты мәселелерді талқылау жоспарланғанын баса айтты.

 1. 2025 жылға дейін білім саласына бөлінетін қаражат 6 есе, ғылымға бөлінетін қаражат 7 есе өсетінін ескеріп, білім беруді және ғылымды дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы бойынша жүзеге асырылатын реформаларды қайта әзірлеу қажет екендігін;

2. Сапасыз оқулық дайындайтындардың жауапкершілігін заңнамалық түрде бекіту  жайлы;

3.  Жоғары оқу орындарының оқытушыларының еңбекақысын көбейту  жайында;

4. Мемлекеттік билік жүйесіне білімді әрі кәсіби тұрғыда даяр, патриоттық деңгейде шыңдалған жастарды тарту керек екендігін;

5. Тіл комитетін 2021 жылдан бастап Білім және ғылым министірлігінің қарамағына өткізу жайлы;

6.  100 ғалымның әлем орталықтарынан тағылымдамадан өтуіне қаржы бөлген жөн екендігін;

7.  Доктаранттардың степендиясын 150 мың теңгеге дейін артыру;

8.  Педагогика мамандықтарының мәртебесін көтеру үшін болашақ педагогтардың степендиясын 26 000 теңгеден 42 000 теңгеге дейін арттыру;

9. Білім және ғылым министірлігі мен Қорғаныс министірлігіне армиядағы жастарға кәсіптік білім беру тетіктерін әзірлеуді, аталған мәселелерді 2025 жылға дейін шешуді жүктеді .

Сонымен қатар Қасым Жомарт Тоқаев Техникалық және кәсіптік білімді белсенді дамыту қажеттігін айтты. Мемлекет басшысы: «Тегін кәсіптік-техникалық  білім беру бағдарламасы жыл сайын 100 мың оқушыға жетеді. Мүмкіндігі шектеулі жастарға, тұрмысы төмен, көп балалы отбасыларға және ауыл жастарына ерекше көңіл бөлінеді. Үкіметке техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлауға, оның ішінде осы санаттар үшін мемлекеттік тапсырыс көлемін арттыру мәселесін пысықтау қажет. 

ТжКБ-дағы басқа маңызды реформаларға академиялық тәуелсіздікті енгізу, несие жүйесіне көшу, жан басына қаржыландыруды енгізуіміз керек. Біздің кәсіптік бағдар беру жүйесі 10-15 жыл ішінде еңбек нарғының болашақ қажеттіліктерін ескеруі керек», - деді.

«Жаңа ахуал білім және ғылым жүйесін түбегейлі реформалауды талап етіп отыр. Енді бұл саланың маңызы арта түсетіні анық. Тіпті экономиканың өзі соған тәуелді болмақ. Біз білім мен ғылым саласының болашақтағы рөлін айқын түсінуіміз керек. Бүкіл мемлекеттік саясатты соған сәйкес жүзеге асырамыз, – деп өз сөзін қорытындылаған ел президенті Қасым Жомарт Тоқаев білім мен ғылымның ел дамуында алатын орнын анықтап, алдағы бесжылдықта жасалатын жұмыстарды айқындап берді. Саналы ұрпақ тәрбиелеуде аянбай  еңбек етіп жүрген педагогтар қауымының еңбегі өз дәрежесінде бағаланып, мәртебесі мен мерейінің үстем болуына үкімет тарапынан барлық жағдай жасалатындығын  тілге тиек етті. Осы орайда ұстаздар қауымы да артылып отырған жүктің ауыр екендігін сезініп, ел ертеңінің  емін де еркін болуына қалтқысыз еңбек ететіндігімізді  білдіреміз . Себебі «Ұлт тағдыры ұстаздардың қолында» екендігі анық.