31 МАМЫР - САЯСИ ҚУҒЫН-СҮРГІН ЖӘНЕ АШАРШЫЛЫҚ ҚҰРБАНДАРЫН ЕСКЕ АЛУ КҮНІ. ХХ ғасырдың басында талайды сарсаңға салып, қасірет шектірген саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні.
Тарихтағы бұл қаралы күн Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен 1997 жылдан бастап аталып өтеді.
КСРО республикаларында репрессия 1928 жылдан басталды. Қазақ елінде алдымен Алаш қайраткерлері тұтқындалды. Оларға "ұлтшыл" деген айып тағылды. Салдарынан Әлихан Бөкейханов, Жақып Ақбаев, Әлімхан Ермеков, Санжар Асфендияров, Ахмет Байтұрсынов, Бейімбет Майлин, Мағжан Жұмабаев, Абдулла Розыбақиев, Тұрар Рысқұлов, Мұхамеджан Тынышбаев, Ілияс Жансүгіров және тағы басқа зиялылар ату жазасына кесілді.
Ресми деректерге сәйкес, Қазақстанда 103 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырады. 25 мыңнан астам адам ату жазасына кесілді. Олардың арасында ғалымдар, мәдениет және саясат саласының қайраткерлері, дәрігерлер болды.
Репрессия жылдары Қазақстанға 800 мың неміс, 102 мың поляк, 19 мың корей, 507 мың Солтүстік Кавказ елдерінің өкілдері жер аударылды. Сондай-ақ қазақ жеріне күшпен қырым татарлары, түріктер, гректер, қалмақтар мен өзге де ұлт өкілдері көшірілді. Жалпы елімізге 1 миллион 500 мың адам жер аударылды.
"Халық жауларын" анықтау бойынша қатаң саясаттың салдарынан қуғын-сүргінге ұшырағандардың өздері ғана емес, олардың жақындары да зардап шекті. Олар үшін Қазақстанда АЛЖИР (отанына опасыздық жасағандардың әйелдері қамалған Ақмола лагері), Карлаг (Халықтық ішкі істер комиссариатының Қарағанды еңбекпен түзеу лагері), Степлаг (саяси тұтқындарға арналған лагерь) арнайы лагерьлері құрылды.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы 14 сәуірінде "Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы" заң қабылданды.